Павлодарда құқық бұзушылар қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапқа тартылды
Павлодарда құқық бұзушылар қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция қызметкерлері қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілік" қағидатын күшейту мақсатында қосымша шаралар қабылдады. Өйткені ішкі істер органдарының басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау.
Жедел басқару орталығының операторлары тәулік бойы бейнебақылау жүргізеді. Көшелер мен саябақтар, тұрғын үйлердің аулалары мен адам сирек жүретін аймақтар камералардың назарында. Бұл жүйе құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді.
- Мәселен Павлодар қаласында бейнекамера объективіне белгісіз жерде темекі тұқылын лақтырған екі азамат ілікті. Жедел жеткен полиция қызметкерлері оларды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл факті бойынша материал сотқа жолданды, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Заң бұзушылықтың ешқайсысы елеусіз қалмауы тиіс. Кейбір азаматтар темекі тұқылын немесе қоқысты көшеге тастауды болмашы әрекет деп санайды. Алайда бейнебақылау жүйесі мұндай тәртіп бұзушылықтарды тіркеп, құқық бұзушылардың жауапқа тартылуын қамтамасыз етеді.
"Заң және тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, әрбір азамат "Таза Қазақстан" бастамасын қолдап, құқықтық мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Бұл – қоғамдағы тәртіпті сақтау мен заңды құрметтеуді насихаттаудың маңызды қадамы.