Павлодарда тыйым салынған уақытта ішімдік сатқан сатушы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Павлодар қаласы Полиция басқармасының полицейлері тұрақты негізде профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
– Осы жылдың 10 айында алкоголь өнімін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзудың 55 фактісі анықталды. Сонымен қатар жыл басынан бері 4072 құқық бұзушы қоғамдық орындарда алкоголь ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін жауапқа тартылды. Демалыс күндері ғана алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 5 фактісі анықталды, – деді Павлодар қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов.
Мәселен, Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары облыс орталығының дүкендерінің бірінде алкоголь өнімін заңсыз сату фактісін анықтады.
Дүкен сатушысы тыйым салынған уақытта көлемі 0,2 литр 1 бөтелке коньяк сатқан. Осы факті бойынша дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлімі (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.