Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда тыныштықты бұзған тұрғындар жауапқа тартылды

Павлодарда тыныштықты бұзған тұрғындар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полициясының “102” жедел арнасына күн сайын түрлі сипаттағы хабарламалар келіп түседі. Тек өткен тәулікте 465 қоңырау түсті. Қырағы азаматтар жол қозғалысы ережелерін бұзу, күдікті тұлғалар, қоғамдық орындарда жүрген мас азаматтар туралы хабарлайды. Хабарламалардың ішінде тыныштықты бұзу туралы шағымдар әлі де көп.

– Павлодардағы көпқабатты үйлерде темпераменті мен мәдениетке деген көзқарасы әртүрлі тұрғындар тұрады. Кейбір отбасылар үнемі шу шығарады. Дау-дамай, қатты теледидар, музыкалық аппаратура дыбыстары жиі естілуі мүмкін. Мысалы, 9 сәуір сағат 04.50-де Нұрмағамбетов көшесі бойында тұрғындар музыканың даусын қатты шығарып, азаматтардың демалысы мен тыныштығын бұзады деген шақыру келіп түсті. Полиция қызметкерлері шулы көршілерді анықтады, пәтер иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына әкімшілік хаттама жасалды. Сондай-ақ отбасы мүшелерімен тыныштық пен көршілерге құрметпен қарау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді- деп түсіндірді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.

Сол түні сағат 00:59-да Екібастұз қаласындағы Торайғыров көшесіндегі көпқабатты үйден шақыру келіп түсті. Қоңырау шалушы кеш болғанына қарамастан, көршілерінің пәтерінде қонақ көп екенін, олар да баспалдаққа шығып, қатты дауыстап сөйлейтіндерін түсіндірді. Тәртіп сақшылары тәртіп бұзушыларды жауапқа тартты.

– Біздің еліміз – құқықтық мемлекет. Әрбір азамат белгілі бір заңдарды сақтауға, сондай-ақ құқықтық тәртіп мәселелеріне бей-жай қарамауға міндетті, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Естеріңізге сала кетейік, жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша 5 АЕК-ден 10 АЕК-ге дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған. Айта кету керек, Павлодар облысында тыныштықты бұзғаны үшін жыл басынан бері 1485 “шулы” азамат жазаланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру