Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жас жігіт есірткіні белгілі бір орындарға қойып кету арқылы таратумен айналысқан

Павлодар полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласының әртүрлі аудандарында құпия орындарға қалдыру арқылы есірткі таратумен айналысты деген күдікпен 22 жастағы жас жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде Павлодар қаласының тұрғынынан ішінде ұнтақ тәріздес зат бар 40 пакет тәркіленді. Сараптама нәтижелері бойынша  алынған зат пировалерон деп аталатын есірткі заты болып табылады. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Павлодар облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қуат Түсіпбеков.

Айта кету керек, 2019 жылдан бастап электронды ақпараттық ресурстар арқылы есірткіні таратқаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Қазір мұндай әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатқызылған, оларды жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Интернет-ресурстарды пайдалана отырып, есірткіні тұтынуға көндіру ауыр қылмыстар санатына жатқызылған, оларды жасағаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Сондай-ақ азаматтарды есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартуға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында оларды насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл әрекет үшін 3 жылға дейін, белгілі бір жағдайларда 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру