Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

Атыраулық полицейлер мал мен ет өнімдерін заңсыз сатқан 25 тұлғаны жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырауда ақпан айының 23-25 аралығында “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Елді мекендерден шығатын жерлерге 14 бекет, автокөлік жолдарына 35 тосқауыл қойылды.

– Мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер мен ет өнімдерін сататын базарларды тексеру үшін 10 топ құрылып, олар мал және ет өнімдерін тасымалдаған 305 автокөлікті, мал және ет өнімдерін сататын 146 орын мен 452 шаруа қожалығын тексерді. Нәтижесінде мал мен ет өнімдерін құжаттарсыз тасымалдаудың 19, ал мал мен ет өнімдерін құжаттарсыз сатудың 6 фактісі анықталып, 25 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) сай әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шара барысында ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалаусыз жаюдың 155 фактісі анықталып, 155 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз мал союмен айналысқан бес тұлға, ұрланған малды сатқан екі тұлға, ұрланған ет өнімдерін сатқан бір тұлға және малды заңсыз тасымалдаған 10 тұлға есепке алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру