Павлодарлық полицейлер алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді
Павлодарлық полицейлер алимент төлеуден жалтарған әкелерге қатысты іздестіру шараларын жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Борышкерлер мен алимент төлемейтін азаматтарды іздестіру көші-қон полициясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі.
Егер көші-қон қызметі бір ай ішінде алиментшінің жүрген жерін анықтай алмаса, өндіріп алушының талабы бойынша тиісті құжат беріледі, оның негізінде әлеуметтік қамсыздандыру органдары борышкерді іздестіру кезеңінде балаларды асырауға уақытша жәрдемақы төлейді.
Қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 170 адам іздестірілуде болды, олардың 122 табылды.
Мәселен, Павлодар облысында жуырда өз баласын асырау үшін ақша төлеуден қасақана жалтарғаны үшін баланың әкесіне қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адам 2015 жылдан бастап ұлын асырауға ақша төлеуден бас тартқан. Облыс тұрғыны өз баласына 1 000 000 теңгеден астам қарыз.
Осыған орай Павлодар облысының полицейлері алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.