Павлодарлық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресіп жатыр?
Павлодарлық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресіп жатқанын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көптеген отбасылық жанжалдардың себебі көбінесе алкогольді ішудің салдарынан болады. Бұл тәуелділік әдетке айналған кезде одан да жаман. Бірақ мұндай жағдайларда жақын туыстар арасында қарым-қатынас орнатуға және отбасындағы бейбітшілікті қалпына келтіруге болады.
Павлодар қаласындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнында болды.
– Біз екі ер адаммен әңгімелестік, олардың бірі әжесімен жанжалдан кейін осында болды, екіншісі анасымен ұрысып қалды. Екеуі де сот шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жастардың өздері айтқандай, үйдегі жанжалдардың себебі – алкогольді ішу. Алайда жанжал шығарушылардың айтуынша, олар өз өмірлерін түзеп, алкогольсіз және бейбіт өмір сүруді бастағысы келеді, сондықтан мамандардан көмек сұрайды, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасының ӘЗЗҚТ аға инспекторы Бақытжан Тұрсаринова.
Полиция аталған ер адамдарды емделуге жіберетінін, емделуден кейін жұмысқа орналасуға көмек көрсетілетінін, ал психологтар зиянды әдеттерден бас тарту және әлеуметтендіру үшін қажетті жұмысты жүргізетінін нақтылады.
Тәртіп сақшылары мұндай көмекті барлық «отбасылық жанжал шығарушыларға» көрсетуге ниетті және мұндай қолдаудан кейін отбасыларда бұдан былай жанжал болмайды деп үміттенеді.
Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі биыл Павлодар облысының 2772 тұрғыны отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін сотталғанын хабарлады.