Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық полицейлерге ТЖ режиміндегі қызметі үшін алғыс айтылды

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов құқықтық тәртіп қызметкерлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс әкімі полиция қызметкерлерінің  жалпы сапқа тұру кезінде сөз сөйледі. Ол тәртіп сақшыларының сенімді және үйлесімді жұмысын атап өтіп, 5 қаңтарда аймақта болған тәртіпсіздіктер кезінде және Павлодарда төтенше жағдай режимі кезінде зардап шеккендерге жол берілмегенін еске салды.

– Халқымыз сіздерге түсіністікпен қарағанын көрдік. Біздің барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлері Отанымыздың мүддесі үшін берілген анттарына берік екендігін, батылдық танытып, майданда тұра білуді  көрсетті. Сіздер арандатушылыққа бармай, осындай қиын кезеңде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ете алдыңыздар, – деді әкім құқық қорғау органдарының өкілдеріне.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атынан алғыс сөздерді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов жеткізді.

– Батыл қызмет атқарғандарыңыз үшін алғысымды және ризашылығымды білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда өңірде тәртіп пен тыныштық орнады. Барлық жағдайға қарамастан, әр қызметкер қала мен азаматтарды батыл және табанды қорғады. Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық пен амандық тілеймін. Осындай ұлдарды тәрбиелеген ата-аналарыңызға тағзым етеміз, – деді Нұрлан Мәсімов.

Әбілқайыр Сқақов Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Павлодар облысында төтенше жағдай режимі алынып тасталғанын еске салды. Бұл барлық бұрын қолданылған уақыт шектеулерін жоюды білдіреді. Бұған қарамастан өңірдің құқық қорғау блогы күшейтілген режимде жұмысын жалғастырады. Әкім облыстағы жағдай биліктің бақылауында екенін атап өтті.

Іс-шара соңында ішкі істер органдарының, Ұлттық гвардияның және Павлодар облысының басқа да күштік құрылымдарының қызметкерлері Павлодар қаласының орталық алаңында саптық тұрғыда жүріп өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру