Петропавл мектептері полицияның жіті бақылауында
Петропавл мектептері полицияның жіті бақылауында, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы мектеп демалысы аяқталысымен полиция қызметкерлері білім ошақтары жанындағы таңғы кезекшілікті жандандырды. Петропавлда ювеналдық полицейлер мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көше-жол желісінің учаскелерінде орналасқан жиырма мектепке оқушылардың қауіпсіз өтуін қадағалайды.
Мәселен, № 6 орта мектеп жолға жақын орналасқан, келешекте оның жанында бағдаршам орнату жоспарланып отыр. Балаларын мектепке автокөлікпен әкелетін ата-аналар көлік кептелісін жасайды, әрі таңертең қараңғы болғандықтан жол-көлік оқиғасының қаупі артуы мүмкін. Сағат 07:30-дан 08:30-ға дейін полиция қызметкерлері мектептердің жанында тәртіпті бақылап, балалардың мектеп аумағына қауіпсіз өтуіне көмектеседі.
Полиция қызметкерлерінің міндеті – жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қажет болған жағдайда балалар тікелей тәртіп сақшыларына жүгіне алады. Полиция қызметкерлері қол жетімді және сервистік полиция, «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде қажетті кеңестерін айтып, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүрудің негізгі қағидаларын түсіндіреді.