“Таза Қазақстан" акциясы: СҚО-да профилактикалық жұмыс үздіксіз жүргізілуде
СҚО-да профилактикалық жұмыс үздіксіз жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында және “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында 94 мобильді топ жұмыс істейді. Олар стихиялық қоқыс орындарын анықтау бойынша 2 мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізді. Сонымен қатар экология департаменті және табиғи ресурстар басқармасы мамандарымен бірлесіп жұмыс тобы құрылып, проблемалы учаскелерге 41 рет шығу нәтижесінде қоқысты белгіленбеген жерге тастаудың 270-тен астам фактісі анықталды.
Профилактикалық жұмыс үздіксіз жүргізілуде. 2024 жылғы сәуірден бастап бүгінгі күнге дейін полиция қызметкерлері 38 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 4 624-і қоғамдық орындарды ластауға, ал 33 678-і қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты.
Бұл ретте тәртіп сақшылары “Заң мен тәртіп” қағидатын жеке үлгі арқылы көрсетудің маңызы зор деп санайды. Ведомство қызметкерлері қызмет атқаратын ғимараттардың айналасын ретке келтіру үшін тұрақты түрде сенбіліктерге шығады.
