Абай облысында мектеп автобустарының қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді
Жаңа оқу жылы қарсаңында Абай облысында оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің құжаттарын, медициналық тексеруден өтуін, сондай-ақ балаларды тасымалдауға қойылатын талаптардың сақталуын тексеріп жатыр.
Жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режимін және оқушыларды автобусқа отырғызу мен түсіру ережелерін сақтауына ерекше назар аударылуда. Жүргізушілермен және білім беру ұйымдарының өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Полиция ата-аналарға балаларға автобустағы негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажеттігін еске салады: қауіпсіздік белдігін тағу, автобус қозғалысы кезінде орнынан тұрмау және жүргізушінің назарын алаңдатпау.
Мектеп автобустарына бақылау тұрақты түрде жалғаса береді. Негізгі мақсат — жол-көлік оқиғаларына жол бермеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
