Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері қайталап ұрлық жасаған жігітті ұстады

Петропавл полицейлері қайталап ұрлық жасаған 22 жастағы жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қалалық Полиция басқармасының Екінші полиция бөліміне көлікжайда және ешкім тұрмайтын үйде жасалған ұрлықтар туралы бірден екі қала тұрғыны жүгінді. Жоғалған заттар арасында мопед, велосипед, компьютер, металл бұйымдар болған. Екі жағдайда да шығын көлемі 300 мың теңгеден асты. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Қылмысты ашу кезінде жедел уәкілдер қылмыстардың жасалу жолына назар аударған. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде бұрын осындай қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған Петропавл қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның жер үйлерде жасалған тағы басқа екі ұрлыққа қатысы анықталды. Бұдан бөлек, ол қазіргі уақытта 6 пәтер ұрлығы бойынша айыпталуда – қылмыстық істердің материалдары сотқа жіберілді. Осы жағдайларды ескере отыра күдіктіні оқшаулау туралы шешім қабылданып, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Ұрланған заттардың бір бөлігі алынды.

– Қайталап жасалатын қылмыстарға қарсы күрес – ішкі істер органдарының маңызды міндеттерінің бірі. Бұл ретте учаскелік полиция инспекторларына үлкен жауапкершілік жүктелген. Өйткені олар өз әкімшілік учаскелерінде бұрын сотталған тұлғалармен профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Жедел уәкілдер жасалатын қылмыстарды қысқа мерзімде, яғни «ізін суытпай» ашуға бағдарланған. Жалпы облыс аумағында қайталап жасалатын қылмыстардың азаюының оң үрдісі сақталуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол 19,5% құрады, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру