Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері жертөлелерде ұрлық жасаған күдіктіні ұстады

Петропавл полицейлері жертөлелерде ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылдың желтоқсан айында Петропавл полициясына көппәтерлі үйлердің жертөлелерінде жасалған ұрлық фактілері туралы азаматтардан арыздар келіп түсе бастады. Көп жағдайда адамдардың электр құралдары жоғалған. Осындай фактілердің бірінде шығын сомасы 200 мың теңгеге жуықтады. Қаланың тағы бір тұрғыны Жаңа жыл мерекесінің алдында жертөлесіне түсіп, жалпы құны 140 мың теңге болатын екі велосипедінің жоғалғанын анықтаған.

Белгісіз қылмыскер бір схема бойынша әрекет еткен. Жертөлелерге кілтті таңдау арқылы еніп, қоймаларды қолға түскен заттармен бұзып отырған. Қаңтар айында жедел уәкілдер күдіктіні ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ол қамауға алынды, қазіргі уақытта ұрланған заттардың біразы тәркіленді.

– Бұл фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. 5 эпизод тергеліп, күдіктінің осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Қыс мезгілінде қала тұрғындары жертөлелерін тексере қоймайды. Әдетте қылмыс жасалған уақыт пен полицияға жүгінудің арасында әжептәуір уақыт өткен. Адамдарға өз мүлкін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдауға, сенімді құлыптарды қолдануға кеңес береміз. Көппәтерлі үйлердің кіреберістерінің алдына бейнебақылау камераларын орнатқан жөн, олар мұндай қылмыстардың алдын алуда жақсы көмек, әрі қылмысты “ізін суытпай” ашуға ықпал етеді, – дейді Петропавл қаласы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру