Петропавл полицейлері жеті айда 3 мыңға жуық мас тұрғынды жауапқа тартты
Петропавл полицейлері жеті айда 3 мыңға жуық мас тұрғынды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіп адамдардың тыныштығына, тыныш өмір туралы сеніміне әсер етеді. Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері күнде қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Қоғамдық орында спирттік ішімдікті ішу және масаң күйде жүру фактілеріне жол бермеу басты назарда. Масаю көп жағдайда жанжалдардың, бұзақылық әрекеттердің, дене жарақаттарын келтіру және тағы басқа заңдылық бұзушылықтарының жасалуына себеп болып жатады.
Бұдан бөлек, Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садуловтың айтуынша, мас адам өзі де қылмыстық қол сұғушылыққа ұшырауы мүмкін. Қоғамдық орындардағы тәртіпті патрулдер қадағалайды, учаскелік инспекторлар қызмет көрсететін аумақта үй-үйді аралау кезінде халықтан келіп түсетін хабарламаларға ден қояды. Мас қала тұрғындары уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізіледі, әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Бұзушылық бір жылда қайта жасалған жағдайда, бұл әкімшілік қамаққа алуға негіз болады. Жыл басынан қоғамдық орындарда мас жүрген 2997 адам анықталды.
– Сондай-ақ қоғамдық орында темекі шеккені үшін – 256 адам, 2800-нен астам адам – абаттандыру ережелерін бұзғаны, тағы 631 адам – ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды, соңғы жағдайда азаматтар қоқысты белгіленбеген жерге тастаған. Құқықтық тәртіп ұсақ-түйектен басталатынын естен шығармаған жөн. Қоқыс жәшігінің сыртына тасталған темекі тұқылы заң талаптарының еленбей жатқанын көрсетеді. Жүргізілген жұмыс «мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, халықтың қоғамдық орындардағы қауіпсіздігін сақтауға жағдай жасайды, – деп атап өтті Рустам Садулов.