Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл тұрғыны полицияға сирек кездесетін мылтық тапсырды

Петропавл тұрғыны полицияға сирек кездесетін мылтық тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласының Полиция басқармасына 58 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ол пайдаланылмайтын көлікжайын қоқыс пен үйінділерден тазартып жүріп қос ұңғылы мылтық салынған қапшық тауып алғанын айтты. Ер адам аңшы, әрі ресми түрде қару-жарақ ұстауға рұқсаты бар болғандықтан заңсыз сақталған қару үшін қарастырылған жауапкершілікті жақсы біледі. Сондықтан табылған қару туралы бірден полицияға хабарлады.

Ерікті түрде тапсырылған мылтық зерттеуге жіберілді. СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері оның оқ атуға жарамды атыс қаруы екенін растады. Бір қызығы, бұл мылтық бельгиялық Bayard фирмасының сирек кездесетін аңшы қаруы болып шықты. Мылтыққа ойылып жазылған белгілерін тексергеннен кейін криминалистер ол 1893-1898 жылдар аралығында шығарылған деген болжамға келді. Келешекте мылтық облыстық Полиция департаментінің музейіне тапсырылмақ.

– Азаматтар тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсырған жағдайда ғана қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Өткен жылы облыс аумағында заңсыз айналымнан 128 бірлік тіркелмеген атыс қаруы алынды, оның 17-і Петропавлда, — дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру