Петропавл тұрғыны жалған терроризм үшін сотталды
Петропавл тұрғыны жалған терроризм үшін сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қаңтарда ел аумағында төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта, масаң күйдегі петропавлдық облыс орталығындағы дәріханалардың біріне келіп, Пушкин көшесіндегі көпқабатты үйге жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлады. Оқиға орнына жедел түрде барлық шұғыл қызметтер шықты. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ер адам «ізін суытпай» ұсталды. Полицейлер қылмыстық іс қозғады. Тергеуден соң іс сотқа жолданды.
3 мамыр күні Петропавл қалалық сотымен ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Оған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
– Бұндай қадамға бармас бұрын ең алдымен жақсылап ойланған жөн. Естеріңізге сала кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған мәлімет хабарлау үшін ірі көлемдегі айыппұл және бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.