Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда "Айбын" орденімен марапатталған полицей 700-ге жуық оқушымен кездесті

Петропавлда 700-ге жуық жоғары сынып оқушысы ерлігі үшін мемлекеттік наградамен марапатталған полиция қызметкерімен кездесті. Іс-шара барысында жасөспірімдерге полиция қызметінің ерекшеліктері таныстырылып, құқық қорғау саласында білім алу мүмкіндіктері түсіндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жастар сарайында өткен кәсіби бағдар беру кездесуінің ерекше қонағы Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Олег Головин болды. Ол үш жыл бұрын Есіл өзеніне құлаған әйелді құтқарып, ерлігімен көпшілікке танылған.

Оқиға қазан айында болған. Көмек сұраған дауысты естіген полицей еш ойланбастан мұздай суға түскен. Жағалауда тұрған адамдардың қолшамдары мен нұсқауларының көмегімен қамыс арасынан әйелді тауып, оны жағаға алып шыққан.

Көрсеткен ерлігі үшін 2024 жылы Олег Головинді Мемлекет басшысы Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттаған.

Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин оқушыларға құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсу тәртібі және полиция саласындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат берді.

Іс-шараның практикалық бөлігінде жасөспірімдер полиция қызметінде қолданылатын заманауи техника мен арнайы жабдықтарды тамашалады. Оларға жауынгерлік жабдықтар көрмесі ұйымдастырылып, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің көрсетілімдері ұсынылды. Сондай-ақ оқушылар қызметтік автокөліктермен, оның ішінде брондалған көлікпен танысты. Қалағандары аталған көлікке мініп, серуендеу мүмкіндігіне ие болды.

Оқушылардың назары робот-итте болды. Бұл құрылғы жетуі қиын және қауіпті аумақтарға кіріп, адам көп жиналатын орындарда іздеуде жүрген адамдарды бет-әлпеті арқылы анықтау және өзге де тапсырмаларды орындау мүмкіндігіне ие.

Бұдан бөлек, жасөспірімдер кинолог пен қызметтік иттің жұмысын тамашалады. Іс-шара барысында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мәдениет орталығының вокалдық тобы концерттік бағдарлама ұсынды.

Кәсіби бағдар беру кездесуі оқушыларға полиция қызметінің қыр-сырын жақынырақ танып, болашақ мамандығын таңдауға қажетті ақпарат алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Олег Головиннің ерлігі тәртіп сақшысы болудың басты міндеті – адам өмірін қорғау және қиын жағдайда көмек көрсету екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру