Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да үш күн ішінде мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Солтүстік Қазақстан облысында 20–22 қараша аралығында өткен "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 955 құқық бұзушылық анықталды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара аясында полицейлер қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалап, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізді.

Атап айтқанда, сенбіге қараған түні Петропавл қаласындағы түнгі дәмханалардың бірінде рейд ұйымдастырылды. Аталған мекемеден "102" арнасына жиі хабарламалар түсетіні белгілі болды. Тексеру барысында полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіру және қоғамдық орынға мас күйінде келу деректері анықталды. Тәртіп сақшыларының дер кезінде араласуы нәтижесінде келушілер арасындағы жанжалдардың алдын алу мүмкін болды.

Үш күндік іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректеріне де ерекше назар аударылды. Әсіресе ауа райының құбылмалы болуы жол қауіпсіздігіне қатысты бақылауды күшейтудің маңыздылығын арттырды.

Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын бұзудың 64 дерегі және мас күйінде көлік басқарудың 17 дерегі тіркелді. Сонымен қатар тиісті құжаттарсыз көлік басқарған 27 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, Петропавл қаласындағы Фурманов көшесінде полицейлер Mazda автокөлігін басқарған 30 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Тексеру барысында оның мас күйінде көлік жүргізгені және көлік басқару құқығы болмағаны анықталды.

Тағы бір жағдайда 42 жастағы Петропавл тұрғыны Volkswagen автокөлігін жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Ол алкогольдік масаң күйде болмағанымен, көлігінің техникалық байқаудан өту мерзімі аяқталғаны белгілі болды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығындағы Караванная, Украинская және Жамбыл көшелерінде жолдың жүріс бөлігін тарылту шаралары қолданылды. Бұл жұмыстар көктайғақ болуы мүмкін жағдайда жүргізушілердің назарын жылдамдықты төмендетуге және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтауға аударуға бағытталды.

"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған полиция қызметінің негізгі бағыттарын қамтыды.

Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбауға және жол қозғалысы ережелерін орындауға шақырады. Тәртіп сақшылары "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға бірдей қолданылатынын еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру