Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер есепте тұрған отбасыларды тексерді

Петропавлда қалалық ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері қолайсыз отбасылар бойынша рейд өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ювеналды полицейлер Петропавлдағы есепте тұрған отбасыларды тексерді. Кезекті іс-шараға қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның және прокуратураның өкілдері де қатысты. Бұрын балалардың құқықтары бұзылған мекенжайлар назарға алынды.

Тәртіп сақшылары бір кеште 12 отбасыны тексерді. Жалпы, олардағы жағдай қалыпты болды, полицияның есебінде болған ата-аналар бұрынғы әрекеттерінен сабақ алған. Рейдтік іс-шара барысында кештетіп серуендеген 17 жастағы жасөспірім анықталды. Өз баспанасы жоқ бір баласы бар әйел ана мен бала үйіне орналастырылды.

Өкінішке орай, мекенжайлардың бірінде рейдке қатысушылар көңілге қаяу түсіретін жағдайға тап болды. Мас ананың үйінде антисанитариялық жағдайда 2-ден 11 жасқа дейінгі бес қыз тәрбиеленіп келген. Балалардың үлкендеріне суық тиген, тіпті үйде дәрі-дәрмектер де болмай қалған. Полицейлер оларды көпсалалы облыстық балалар ауруханасына орналастырды.

Полицейлердің айтуынша, олардың аналары ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Бұрын ол кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бірақ алкогольге тәуелділіктен арылмаған. Материалдар сотта шешім қабылдау үшін қорғаншылық органдарына берілді.

Ата-ана құқығынан айыру – кәмелетке толмағандардың құқықтары қасақана бұзылған жағдайда немесе балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайларда мемлекеттік органдар қолданатын мәжбүрлі шара. Өткен жылы Петропавлда маскүнемдікке салынған 26 адам ата-ана құқықтарынан айырылды, тағы 17 адам ата-ана құқығынан шектетілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру