Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полиция басшылығы құқықтық тәртіпті бақылауда

Петропавлда полиция басшылығы құқықтық тәртіпті бақылауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу — жазалаудан гөрі маңызды. Осы ұстаныммен полиция қызметкерлері демалыс күндері қарсаңында кешенді профилактикалық іс-шара өткізді. Жұмысты Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов басқарды.

Полицейлер 120-дан астам адамды тұрғылықты жері бойынша тексерді. Негізгі назар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға, бұрын сотталғандарға, отбасылық жанжал шығарушыларға және есепте тұрған өзге де санаттағы тұлғаларға аударылды. Анықталған құқық бұзушылықтар жекелеген сипатта болып, бақылауға алынды.

Ерекше назар ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарға аударылды. Заң бұзушылықтар анықталған жоқ — әкімшілік пен келушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Осындай түсіндіру жұмыстары қала көшелерінде және адам көп жиналатын орындарда жастармен де өткізілді.

Жалпы рейд барысында 61 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ең жиі кездесетіні — қоғамдық орындарда алкоголь ішу және мас күйінде болу. Полицейлер осындай 21 деректі тіркеді. Барлық құқық бұзушылар түнді уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында өткізді.

Құқық қорғау органдарының негізгі міндеті — жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру