Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицияның екі жаңа модульдік бекеті ашылды

Петропавлда полицияның екі жаңа модульдік бекеті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Жұртқа жақын полиция” қағидатын іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдары қызметкерлері жұмысының жаңа форматын енгізу жалғасуда. Петропавлда Былғары зауыты ауданындағы Рыжов көшесінде және Береке ықшам ауданында екі жаңа модульдік бекет ашылды.

Бір бекеттің жалпы ауданы 20 шаршы метрден асады. Модульдік бекет дербес компьютермен, стационарлық телефонмен, сыртқы және ішкі бейнекамералар қосылған бейнетіркегішпен жарақталған. Камералар модульдегі мониторларға, сондай-ақ онлайн режимінде Петропавл қаласының ПБ Жедел басқару орталығына тікелей жалғанған. Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, қолға алынған бұл шаралар құқықтық тәртіпті нығайтуға септігін тигізбек.

Полиция қызметкерлері заманауи бекеттерде тәулік бойы қызмет атқарады. Бұл модульдік бекеттердің орналасатын жерлері ықшам аудан тұрғындарының пікірін ескере отырып белгіленді.

– Заманауи жабдықтар мен модульдік үлгідегі бекеттердің конструкциясы полиция қызметкерлерінің жұмысын ашық және мобильді етуге мүмкіндік береді. Басты міндет – азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қоюды қамтамасыз ету, – деп атап өтті СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

Жұмыстың бұл форматы өз тиімділігін көрсетті. Бұрын осындай бекеттер Әуезов және Уәлиханов көшелерінде, сондай-ақ аудан орталығы Тайыншада ашылды. Бұл модульдердің кезекші қызметкерлеріне азаматтардан құқықтық тәртіп мәселесінен бөлек, басқа да мәселелер бойынша өтініштер келіп түседі. Оларға айына шамамен 200-ге тарта адам жүгінеді. Жуырда облыс орталығында тағы осындай заманауи екі стационарлық бекетті ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру