Петропавлда такси жүргізушісіне қол көтерген жолаушы ұсталды
Петропавлда такси жүргізушісіне қол көтерген жолаушы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. Полиция басқармасының Екінші полиция бөліміне дене жарақатын келтіру туралы арызымен 46 жастағы такси жүргізушісі жүгінді. 19 қазан күні таңертең жол ақысын төлеуден бас тартқан жолаушымен екеуінің арасында жанжал болған, оның барысында жолаушы оның бетінен жұдырығымен екі рет тартып жіберген. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдікті – 1979 жылы туған Петрпопавл қаласының тұрғынын анықтады. Ол жүргізушінің барсеткасын тартып алмақ болғандығына сілтеме жасап, өзінің күш қолданғанын жоққа шығармады. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Кейде такси жүргізушілері мен жолаушылар арасында дауласу болып тұрады, көбінесе мас күйде мінген жолаушылармен болады, – дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин. – Әдетте, сөзге келіп қалудан аспайды, бірақ кейде жағдай ушығып кетеді. Кез-келген дауласу заңды түрде шешілуі тиіс екендігін барлық азаматтардың есіне саламыз. Эмоцияның салдары заң алдында жауап беруге әкелуі мүмкін.