Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда жыл басынан 16 адам ата-ана құқығынан айырылды

Петропавлда жыл басынан 16 адам ата-ана құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәмелетке толмағандарды қадағаламау – жасөспірімдердің қылмыс жасауына немесе оларға қатысты жасалуына әкеп соғатын негізгі себептердің бірі. Петропавлда ювеналдық полиция қызметкерлері әлеуметтік педагогтармен бірлесе күн сайын мекенжайларға тексеріспен шығуды жүзеге асырады. Басты назарда – тұрмысы қолайсыз отбастары, мектепішілік есепте тұрған жасөспірімдер, кәмелетке толмаған балаларының тәрбиесі бойынша міндеттерін атқармайтын ата-аналар. Көбінесе, спирттік ішімдіктерді асыра пайдалану себеп болып жатады.

30 жастағы қалалық та дәл солай, ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған. Тұрмыстық жағдайының қолайсыз болуына байланысты оның баласын уақытша облыстық балалар ауруханасына орналастыруға тура келді. Кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шешімі бойынша ата-ана құқығынан айыру үшін материалдар жиналды. Дегенмен, іс оң шешілді: сот отырысына дейін анасы ішімдік ішуін қойып, жұмысқа орналасып, баласының бөлмесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тәрбиесімен айналысқан. Бүгін де бала екінші сыныпқа барып жүр.

– Балалардың аналарымен қайта қауышу қуанышын көру кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар үшін басты сый. Өкінішке орай, кейде тіпті қатаң шара қолданудың өзі оң нәтижесін бермейді. Жыл басынан облыс орталығында ата-ана құқығынан айыру туралы 23 материал сотқа жолданды. Оның 16-сы ата-ана құқығынан айырылса, 2-і шектетілді. Ювеналдық полиция және мүдделі органдар қызметкерлерінің жүргізген жұмыстары арқасында 5 материал сотпен қараусыз қалдырылды: ата-аналар сотқа дейін тура жолға түскен, балаларына мейіріммен қарай бастаған, – дейді Петропавл қаласы ПБ ЖПҚ ЮПБ бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру