Петропавлда жыл басынан абаттандыру ережелерін бұзудың 1,5 мың фактісі анықталды
Петропавлда жыл басынан абаттандыру ережелерін бұзудың 1,5 мың фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық орындардағы, көп қабатты үйлердің аулаларындағы, подъездердегі қоқыс үйінділері күрделі мәселеге айналуы мүмкін екенін көпшілік түсіне бермейді. Жайсыз санитарлық жағдайдан басқа, өрт қаупін төндіруі мүмкін.
7 сәуір Петропавл қаласының үйлердің бірінде осындай келеңсіз оқиға орын алды. Пәтерлердің бірінің иесі подъездің тамбурына жинаған құрылыс қалдықтары өртенген. Өрттің салдарынан көршілерінің мүліктеріне зақым келді.
Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін кінәлі тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша айыппұл салынды.
Учаскелік полиция инспекторлары күн сайын қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерін аралап, тұрғындарға үйлерінің жақын аумақтарын тазалықта ұстау қажеттілігін және белгіленбеген жерлерге қоқыс тастауға болмайтынын түсіндіреді. Бұзушылар жауапкершілікке тартылады.
Әкімшілік ықпал етудің негізгі шарасы – ескерту, ал айыппұл тек өрескел бұзушыларға ғана қатысты қолданылады. Сенбілік күндері учаскелік полицейлерге тұрғындар жиналған қоқыстың уақтылы шығарылмайтынын айтып, жиі шағымданады. Мердігер ұйымдармен де профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Бұл ретте, мердігер ұйымдардың тек тұрмыс қалдықтарын шығаруға ғана жауапты екенін білген жөн.
– Белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау, аумағындағы санитарлық тазалыққа қарамау күрделі мәселе болып отыр. Қаланың санитарлық жағдайы, алғашқы кезекте тұрғындардың және барлық жеке меншік түрлері иелерінің саналылығына байланысты екенін түсінген маңызды, – деп баса айтып кетті Петропавл қалалық ПБ бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин.
Жыл басынан Петропавл полицейлері абаттандыру ережелерінің бұзылуы үшін 1500-ден астам әкімшілік хаттама толтырды.