Петропавлдағы әйелдер колониясында көкөністер мен жеміс-жидек өсіріледі
Петропавлдағы әйелдер колониясында көкөністер мен жеміс-жидек өсіріледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты ЕС-164/6 мекемесінде (әйелдер колониясы) 200-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Олардың көпшілігі жұмыс істейді, сот үкімі бойынша қылмыспен келтірілген залалдарын төлейді, отбасыларына көмектеседі. Бүгінгі таңда еңбекке жарамды сотталғандардың 98%-ы жұмысқа орналастырылды.
Жылыжай ЕС-164/6 мекемесінің аумағында 2018 жылғы сәуірден бастап жұмыс істейді. Онда сотталғандар жүзім, лимон, бұрыш, күнбағыс, мандарин өсіреді.
– Бір бұрыштың салмағы 450 грамға дейін жетеді. Көкөніс жылу мен жарықты жақсы көреді. Оны өсіру қатты қиындық тудырмайды. Жүзім тұқымы былтыр отырғызылды. Алдымен ол көшет тәрізді қорапта болды, содан кейін мен оны жылыжайдың соңына ауыстырдым. Сол жерде температура жақсы, жүзім үшін ыңғайлы. Бұл менің алғашқы тәжірибем. Жалпы, жүзім мен цитрус жемістері осы жылыжайда жақсы өседі. Қояндарға арналған жем тұқымына ұқсас астық қоспасы әкелінді. Бұл күнбағыс бірнеше тұқымнан өсті. Мен нәтиже болады деп үміттенген жоқпын. Бірақ ол өсіп шыға келді. 1,5 ай ішінде ол қазірдің өзінде үлкен болды. Сонымен қатар, қызанақ пен қияр өседі. Біз аптасына шамамен 180-200 келі қияр өсіреміз, – дейді ЕС-164/6 мекемесінің сотталғаны Олеся Русак.
– Мекеме аумағында 3 жеке кәсіпкер, сондай-ақ «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалы өз өндірісін орналастырды. Мекеме аумағында жылыжай жұмыс істейді. «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалының тігін цехында сотталғандарға арналған төсек-орын жабдықтары мен заттай мүлік тігіледі. Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу өндіріс көлеміне қарай белгіленеді. Бұл ретте сотталғандардың жалақысы айына 75 мың теңгеге дейін жетеді. Әрбір сотталғанның білімі мен дағдысынан есептеледі, бірақ ең төменгі жалақыдан кем емес, – деді СҚО бойынша ҚАЖД сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Майя Рамазанова.