Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда көлік полицейлері оқу-әдістемелік жиынын қорытындылады

Қарағандыда көлік полицейлері оқу-әдістемелік жиынын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының базасында Көліктегі полиция департаментінің аумақтық бөліністерінің бастықтары және олардың тергеу жөніндегі орынбасарлары арасында                      оқу-әдістемелік жиын өтті. Аталған іс-шараға ҚР Бас көлік прокурорының орынбасары, әділет аға кеңесшісі Руслан Исаев қатысты.

Департамент бастығы Оңал Бекеевтің төрағалығымен өткен басқосуда ведомтсваның 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттері белгіленді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдарының қызметіне ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысы халықтың әділдік пен мемлекеттің тиімділігіне деген сенімі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтты, – деді ол.

Демек, полицейлер азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, өз жұмыстарын барынша ашық жүргізулері тиіс. О. Бекеевтың айтуынша, полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жақсартудың, бұл тұрғыда сервистік үлгіге көшудің маңызы зор.

Сондай-ақ, басқосуда қатысушылар Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қызмет процесстерін дебюрократизациялау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын талқылады.

Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде департаменттің қызмет көрсету аумағында жедел жағдай тұрақты. Биылғы жылдың 1-жарты жылдығында департаментте тіркелген жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі 84,8%-ды құрады. Бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық қылмыстарының төмендегені байқалады.

Сонымен қатар, 6 айда әкімшілік жауапкершілікке 22 903 құқық бұзушы және көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 620 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 100-ден аса шетел азаматы соттың шешімімен елден шығарылды.

Бұдан соң департаменттің Тергеу басқармасының бастығы Үсен Тастанов тергеу және анықтау бөліністерінің жұмысы туралы баяндама жасады. Ол қызметтердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тергеу толықтығын қамтамасыз ету, істер бойынша заңды процестік шешімдерді қабылдау және олардың бұзылуына жол бермеу қажеттігін баса айтты.

Басқосу барысында аумақтық бөлініс басшыларының да жыл басынан бері әуе және темір жол объектілерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстары тыңдалды.

Жиында сөз алған ҚР Бас көлік прокуратурасының өкілі Р. Исаев азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы, қылмыстардың жай-күйінің шынайылығы, бұрмалау деректерінің алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Бұдан соң үш күнге созылған іс-шара барысында өткізілген түрлі сайыстарда кәсіби шеберлік танытқан қызметкерлер департамент бастығының грамоталарымен марапатталдыМарапатталғандардың арасында академия бастығының орынбасары Саида Ералина, академияның Тергеу бөліністерінің мамандарын даярлау бойынша орталығының бастығы Талғат Мұғманов, Кәсіби-психологиялық даярлық және ІІО басқару кафедрасының профессоры Гүлмира Имажанова, Арнайы тактикалық даярлық кафедрасы бастығының орынбасары Охан Күнтуған және т.б. бар.

Еліміздің бас көлік полицейі оқу-әдістемелік жиынды жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан академияның басшы құрамына өз алғысын білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушыларға құқық тәртібін қамтамасыз ету, орын алған қылмыстарды “ізін суытпай” ашу, кадрлық саясатты жетілдіру, жеке құрамның жауынгерлік-қызметтік даярлығын одан әрі нығайту  бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жауап қалдыру