Петропавлдық масаң күйдегі әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылмақ
Петропавлдық масаң күйдегі әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылмақ, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда 12 наурызда таңғы сағат 06-лар шамасында Партизанская көшесінің бойында патрульдік полиция батальонының экипажы екі трактор жүргізушілерінің арасындағы жанжалдың куәсі болған. Белгілі болғандай, олардың біреуінде ғана жүргізу құқығы болған.
Полицейлер анықтағандай, қар тазалаумен айналысатын ЖШС жұмыскерлерінің бірі өзінің «МТЗ-80.1» тракторын Жамбыл мен Челюскин көшелерінің қиылысында қалдырған. Қозғалтқышында ақау шыққанын байқаған ол қажетті қосалқы бөлшекті алу үшін кәсіпорынға барған. Ол болмаған кезде үйіне бара жатқан мас ер адам тракторды оталдырып, қала көшесінде жүрген.
Партизанская көшесінде сол кәсіпорынның басқа механизаторы таныс техниканың рөлінде бөгде адамның отырғанын байқап, оны тоқтатқан. Патрульдік полицейлер де сол сәттің үстінен түскен.
Ұсталған Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны орын алған оқиға ішімдіктің кесірінен болды дейді. Масаң күйдегі әрекеттің соңы ауыр салдарға әкеп соқтырды. Қазіргі таңда сот шешімімен ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік қамаққа алынды. Бұдан бөлек, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Автокөлікті құқыққа сыйымсыз иемдену фактілерінің дені алкогольдік ішімдіктерді қолданумен байланысты орын алады, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев. — Жыл басынан облыста ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша сегіз факті тіркелді. Олардың барлығы ашылды.