Петропавлдық полицейлер олимпиадалық резерв колледжінің оқушыларына «көңілді старттар» сайысын өткізді
Петропавлдық полицейлер олимпиадалық резерв колледжінің оқушыларына «көңілді старттар» сайысын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласының ювеналдық полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің сегізінші сынып оқушыларына сергітетін ойындар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ашық аспан астында аталмыш оқу ордасының ұстаздарымен бірге «көңілді старттар» спорттық сайыстары өткізілді.
Балалар «Комета» және «Ого-го» командаларының намысын қорғады. Алайда ұпай саны жағынан «Комета» командасы басым түсті. Жас спортшыларға грамоталар және сыйлықтар берілді.
– Іс-шара адамгершілік құндылықтарды және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Бұл бес күндік республикалық «Мен және менің полицейім» акциясының бір бөлігі болды. Оның шеңберінде түрлі мектептердің оқушылары үшін танымдық кездесулер, конкурстар мен виткориналар ұйымдастырылды, – дейді Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.
«Мен және менің полицейім» акциясы Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы шеңберінде өткізілді. Оның мақсаты – жасөспірімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында сенім қарым-қатынас орнату. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, өскелең ұрпақпен осындай сипаттағы танымдық және ойын түріндегі іс-шаралар арқылы байланыс жүргізу – қол жетімді полиция және жұмыстың сервистік моделін іске асырудың жалғасы болмақ.