Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық полицейлер жыл басынан бері киіктің үш денесін және 846 мүйізді тәркіледі

Жыл басынан бері Қарағанды облысында полицейлер киіктің үш денесін және 846 мүйізді тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында 15 сәуірден бастап кең ауқымды “Киік” жедел-профилактикалық шарасы басталды. Оған Ішкі істер органдарының жеке құрамы жұмылдырылған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияларымен бірлесіп бірлескен рейдтік іс-шаралар өтуде. Киіктердің популяциясын сақтау және браконьерлік фактілерінің жолын кесу мақсатында “Охотзоопром” РМҚК-мен бірлесіп үш топ құрылды. Олар Ұлытау, Нұра, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының аумақтарында алты бірлескен рейдтік іс-шараны жүзеге асырды.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыстық ПД табиғат қорғау полициясы қызметкерлері мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары табиғат қорғау заңнамасы саласында 492 құқық бұзушылықты анықтады. Аң аулау ережелерін бұзғаны үшін төрт қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, киіктің үш денесі мен 846 киік мүйізі тәркіленді.

Мәселен, 14 қаңтарда Жезқазған қаласынан 70 км қашықтықтағы автожолда табиғатты қорғау полициясы мен “Охотзоопром” РМҚК қызметкерлері 37 жастағы ер адамның көлігін тоқтатты. Көліктің жүксалғышынан киіктің екі денесі табылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

5 ақпан күні сағат 21.00-де Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде полицейлер 29 жастағы жергілікті тұрғынның автокөлігін ұстады. Көлік салонын тексеру кезінде 844 киік мүйізі табылды. ҚР ҚК 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру