Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Погондағы полицейлер – атыраулық Қабеновтар династиясы

Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан ұрпаққа ұлағат етіп келе жатқан отбасылардың бірі – атыраулық Қабеновтар әулеті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер саласының ардагері полиция полковнигі Қабенов Құмар Бегімұлының өткен өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Қабенов Құмар Бегімұлы Гурьев облысы, Талқайран ауылында 1925 жылы дүниеге келген. 1942 жылы Талқайран орта мектебін бітіріп, 1943 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, 65-атқыштар полкының қатардағы жауынгері, 32-запастағы атқыштар полкының жауынгер-атқышы, атқыш радист болған. “Ерлігі үшін”, “Жауынгерлік еңбегі үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдармен, Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған. 1961 жылдан бастап Ішкі істер саласында қызмет атқарып, 33 жыл бойы абыройлы еңбек етті.

Зайыбы Шыртанова Мағырапашпен бес ұл өсірген. Қабенов Құмар Бегімұлының ішкі істер саласындағы жолын кейіннен балалары мен немерелері жалғастырып, өмірлерін қоғамдық тәртіпті сақтау, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету жолына арнағандар.

Ұлы Қабенов Қуат Құмарұлы ішкі істер саласында әке ізін жалғастырып, абыроймен қызмет атқарған жан. 1973 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, 1976 жылы облыстық автоинспекция бөлімінде инспектор қызметінен бастап, 27 жыл бойы саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ал оның ұлы Қабенов Айбек Қуатұлы қазіргі күні қатарда-сапта.

Полиция лейтенанты Қабенов Айбек Қуатұлы 2006 жылы Ішкі істер органдарында қыметін бастап, 2013 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын “Құқық қорғау қызметі” мамандығын бітірген. Қазіргі уақытта Махамбет ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінің кезекші аға инспекторы лауазымында қызмет атқаруда.

Отбасы күні қарсаңында Атырау облысы Махамбет ауданы полиция бөлімінің жеке құрамы полицейлер династиясы Қабеновтар әулетіне отбасылық бақыт, қызметтік табыс және абырой тілейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру