Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Погонды журналист” – СҚО полицейлері жоба қатысушыларын марапаттады

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жыл сайын өткізілетін “Погонды журналист” жобасына қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жобаның басты тақырыбы – полиция қызметкерінің бір күні. Журналистер тәртіп сақшыларының күнделікті қызметі; полиция қызметінің ерекшеліктері, осы қызметтің маңыздылығы туралы қалың оқырманға, көрерменге жеткізуі тиіс болды. Жобаға облыстық қоғамдық-саяси газеттің, екі өңірлік телеарнаның, екі желілік басылымның, сондай-ақ материалдарды әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарына жариялаған университет студенті қатысты. Жоба қорытындысы бойынша алты материал жазылып, монтаждалды, оларды дайындауға 10 журналист қатысты. СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкерлері мақалалармен, телесюжеттермен танысып, репост жасағаннан кейін әр қатысушының еңбегіне бірдей баға беріп, облыстық полиция ведомствосында марапаттады.

Белсенді қатысқан Самрат Құскенов, Дарья Пешкова, Диана Салихова, Гүлден Сембаева, Евгения Кузьменко, Нина Шерстова, Әмина Қалиева учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, криминалистика, тергеу, патрульдік полиция қызметі сияқты тақырыптар төңірегінде қалам тербеді. Журналистердің алдында сөз алған СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Қанат Айтбаев ризашылығын білдіріп, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Адамдар БАҚ-тың арқасында 24/7 режимінде өңірдегі қылмыс, құқық бұзушылықтар туралы жедел хабардар болатынын атап өтті. Журналистер полицияның түрлі бағыттағы қызметін қадағалап, оқырмандарға профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру сипатындағы материалдарын кәсіби түрде жеткізеді.

– Сіздердің әрқайсыларыңыз шығармашылық қабілеттеріңізді пайдалана отырып, жобадағы жұмыстарыңызды үлкен жауапкершілікпен орындадыңыздар. Көрермендер мен оқырмандар, әлеуметтік желілердің қолданушылары әрбір телесюжет пен мақаланы асыға күтіп, бағаларын береді. СҚО ПД басшылығының, Ардагерлер кеңесінің және жеке құрамның атынан сіздерге және әріптестеріңізге ІІМ жобасы аясындағы бірлескен жұмыстарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деп атап өтті Қанат Айтбаев.

Журналистердің жұмысын бейнекамераға түсірген телеоператорлар Азамат Елубаев пен Шернияз Имановтың да жұмысы елеусіз қалмады. Kozybaev University жоғарғы оқу орны, журналистика мамандығының 4-курс студенті Әмина Қалиеваның өндірістік тәжірибесінің жетекшісі Петропавл қалалық полиция басқармасының инспекторы Әдемау Меңдібаева да марапатқа ие болды.

Жиын соңында департамент басшылығы күн сайын ел халқына кәсіби дайындалған ресми ақпаратты жедел түрде жеткізіп отыратын БАҚ өкілдерімен тығыз ынтымақтастыққа әрқашан дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру