Полицейлер мен еріктілер адам өмірін құтқару дағдыларын жетілдірді
Полицейлер мен еріктілер адам өмірін құтқару дағдыларын жетілдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында облыстық және қалалық патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері мен студент-еріктілерге арналған алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік семинар өтті.

Сабақты облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары, тәжірибелі маман Владимир Жужгов жүргізді. Заманауи құралдармен жабдықталған аудиторияда қатысушылар арнайы манекендердің көмегімен тыныс алу мен жүрек қызметі тоқтаған жағдайдағы іс-әрекеттерді пысықтап, зардап шегушінің жағдайын жедел бағалау және жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу тәсілдерін меңгерді.
Семинар барысында медициналық көмектің бірқатар әдістері нақты жағдайлар негізінде көрсетілді. Атап айтқанда қан қысымы төмендеп, есінен танып қалған студентке алғашқы көмек көрсету тәсілін түсіндірген маман мұндай жағдайда адамның аяқтарын көтеру қажеттігін атап өтті. Бұл әдіс миға қанның келуін жақсартып, науқастың жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында полицейлер қызмет барысында жиі кездесетін жағдайларға байланысты сұрақтарын қойды. Әсіресе жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету, түрлі жарақаттар, қан кету және күйік алған жағдайда дұрыс әрекет ету жолдары жан-жақты талқыланды. Әрбір сұраққа нақты жауап беріліп, манекендер мен еріктілердің көмегімен тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Семинарды облыстық полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы ұйымдастырды. Басқарма қызметкерлері мұндай оқытудың маңыздылығын атап өтіп, жуырда осыған ұқсас даярлықтан өткен полицейдің көшеде жүрегі тоқтап қалған Петропавл тұрғынының өмірін сақтап қалғанын мысалға келтірді.
Жалпы, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары құқық қорғау қызметкерлері үшін аса маңызды. Себебі дер кезінде әрі дұрыс көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалудың шешуші факторына айналады.
