Полицейлер мереке қарсаңында қызметте қаза болған полицейдің отбасын құттықтады
Сарыағаш аудандық полиция бөлімі басшылығымен 30 тамыз – Конституция күні мерекесіне орай өзгелерге үлгі боларлық іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер 10 қазан 1996 жылы қылмыскерлерді құрықтау кезінде қайтыс болған Тимур Дөненовтың жұбайы Асылбекова Гульшахар Өксікбайқызын аудандық полиция бөліміне арнайы шақырды. Қызмет атқару кезінде қаза болған полицейдің отбасын мерекемен құттықтай отырып, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың марапаты мен сыйлығын табыстады.
Өз кезегінде Гульшахар Асылбекова Түркістан облысы Полиция департаментінің және Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен ұжымына шексіз алғысын білдіріп рахметін айтты.
– Сіздер, мүмкіндігінше әрбір мереке сайын бізді ұмытпай, елеп-ескеріп отырасыздар. Осы үшін ризамыз. Қылмыскерді ұстау кезінде өмірден өткен қызметтес жолдастарыңызды да құрметпен еске аласыздар, – деп шынайы ризашылығын білдірді.