Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер тұрғындармен онлайн-диалог құрды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері онлайн-диалог барысында Петропавл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер СҚО Полиция департаменті әлеуметтік желілерінің аккаунттарында тікелей эфир өткізді. Онлайн-әңгімелесудің тақырыбы өңірде эпидемиологиялық жағдаймен байланысты Петропавлда енгізілген шектеу және карантиндік шараларын түсіндіру болды. Желі қолданушыларының сұрақтарына Петропавл қ. Полиция басқармасының басшысы Жандос Мұқатов пен ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Александр Розбах жауап берді.

“Біріншіден, біз қалалықтардың қабылданып жатқан шаралардың қажетті екендігіне түсіністікпен қарайтынына сенеміз. Барлық шаралар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, пандемияға қарсы күрес жүргізуде маңызды болып табылатын қалалықтарды тәртіпке шақыруға бағытталды”, – деді желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берген қалалық полиция басшысы.


Тікелей эфир барысындағы бір сағаттың ішінде полицияға үйден шығу және қала ішіндегі жүру ережелеріне қатысты 100-ге жуық сұрақ түсті. Бүгінгі таңда петропавлдықтарды бөлек тұратын қарт ата-аналарына тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізу мәселелері толғандырады. Александр Розбахтың айтуынша, қолдарында растайтын құжаттары, сондай-ақ егде жастағы туыстарының құжаттарының көшірмелері болған жағдайда бұл азаматтарға әкімшілік шаралар қолданылмайды.

“Өзінің қызметін жүзеге асыру аясында, сонымен қатар жұмысқа баратын адамдар үшін жүру бағытын растайтын құжаттары болуы керек. Бұл құжаттардың үлгілері Петропавл қаласы әкімдігінің сайтында орналастырылған”, – деді спикерлер.

Жұмысқа көлікпен баратын басқа да жүргізушілерде жұмыс орнынан анықтамалары болулары тиіс. Айта кету керек, егер анықтамада көрсетілген ұйым Солтүстік Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес төтенше жағдай кезінде өз қызметін жүзеге асыруға құқылы болса, онда оның анықтамасының күші бар болып есептеледі. Сондай-ақ, полицейлер жүріп-тұру кезінде барлық азаматтарда өздерімен бірге жеке куәліктері болуы керек екенін атап өтті.

Эфир барысында түскен сұрақтардың көбі нақты жағдайларға байланысты болды. Спикерлер аймақтың санитарлық дәрігерінің қаулысына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, жауап берді. Саяжайларға қатынау мәселесіне қатысты полицейлер қазіргі уақытта тыйым салынғанын түсіндірді. Диалог соңында полиция бөліністерінің басшылары қабылданған шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірлері мен денсаулықтарын сақтау екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру