Полицейлер оқу орындарында террорлық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдарды үйретуде
Қостанай облысында полицейлер оқу орындарында террорлық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдарды үйретуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен ҰҚКД терроризмге қарсы орталығы бірлесіп, оқу орындарында террорлық қауіп төнген жағдайда дұрыс әрекет етуді үйрететін сабақтар өткізуді жалғастыруда. Бұл шаралар оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ педагогтардың төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Амангелді Бапиновтың айтуынша, кезекті сабақтар Дружба, Чапаев, 11-ші жалпы білім беретін мектептер мен физика-математика лицейінде өткізілді. Онда оқушылар мен мұғалімдерге террорлық қауіп туындаған жағдайда өзін қалай ұстау керектігі және қандай сақтық шараларын қолдану қажеттігі түсіндірілді.
Осындай оқыту жаттығулары облыстың барлық білім беру мекемелерінде жүргізілуде. Сабақ барысында терроризм туралы көрінеу жалған хабар таратудың құқықтық салдары, сондай-ақ басқа да құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін заң алдында жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Полицейлер мектеп аумағында күдікті зат табылған жағдайда оған жақындауға немесе қол тигізуге қатаң тыйым салынатынын ескертті.
Сонымен қатар білім беру мекемелерінің басшылығына оқу орындарын инженерлік-техникалық нығайтудың маңыздылығы тағы да түсіндірілді. Полицейлер мектеп әкімшілігінің кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар туралы уақтылы хабарламауы заң алдында жауапкершілікке әкелетінін де атап өтті.