Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер Түркістан облысының үш ауданында 10-ға жуық пәтер ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады

Полицейлер Түркістан облысының үш ауданында 10-ға жуық пәтер ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Түркістан облысының полицейлері Арыс, Сарыағаш және Сайрам аудандарында 10-ға жуық пәтер ұрлығын жасаған ұрыны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен қолға түсірді.

Нақтырақ айтсақ, осы жылдың қаңтарында Сайрам ауданының тұрғыны арызданып, кешкі уақытта екі миллион теңгеге жуық ақшасын, алтын әшекейлерін белгісіз біреудің жымқырып кеткенін жазып көрсетеді. 

Аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алған тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын бастап кетеді. Бірінші кезекте ұрлық терезе арқылы жасалғанын анықтайды.

Тәжірибелі сақшылар әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беріп, зерделеп, түрлі тұжырымдарды жасайды. Осылайша атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында күдіктінің ізіне түседі. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шығады. Күдікті жергілікті тұрғынның үйінде бірнеше сағат адам болмайтынын біліп, бөлменің терезесі арқылы кіріп, шкаф ішінде тұрған қол сөмкеден екі миллион теңгеге жуық қомақты қаржы мен брендтік қол сағат, екі әйелдер сақинасын жымқырған. 

Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе келе, тергеушілер жігіттің Сайрам ауданында тағы да төрт және Арыс қаласында екі тұрғынның, Сарыағаш аудандарында да бірнеше тұрғынның үйіне ұрланып кіріп, жымысқы әрекетін іске асырғанын анықтады.

Полицейлердің жіті тексеруінің нәтижесінде күдікті жігіттің пәтер ұрлықтарын үй ішіне терезе арқылы кіріп, қол сөмкелердің ішіндегі ақшаларды жымқырып кететіні белгілі болды.Күдікті қамауға алынды. Одан айғақты зат ретінде брендтік қол сағат алынды және жымқырған заттарын ақшаға айырбастап алу үшін бірнеше ломбардқа өткізіп, түскен қаржыны құмар ойындарына жұмсаған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру