Полицейлер жол ережесін 40 рет бұзған жүргізушіні анықтады
Түркістан облысының полицейлері 40 рет жол ережесін бұзып, айыппұлын төлемей жүрген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында 19-30 желтоқсан аралығында “Борышкер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы негізгі мақсат – автокөліктерге тексеріс жүргізіп, әкімшілік айыппұлдан жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтау. Сондай-ақ бұл шараға жеке сот орындаушылары да жұмылдырылды.
Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқан Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 7 тәулікте 3 миллион теңгенің айыппұлын өндірді. Яғни, тексеріс кезінде жол ережесін бұзғаны үшін өздеріне тағайындалған айыппұлды белгіленген мерзімде төлемегендер анықталды. Сондықтан бұл азаматтардың автокөліктері айыптұраққа қойылды.
Мәселен, тәртіп сақшылары аудан көшелерінің бірінен Lada Priora автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның 40 рет жол ережесін бұзып, 700 мың теңгеден астам төленбеген айыппұлы бары анықталды.
Бірден көлік айыптұраққа қойылып, берешегі толығымен өнідірілді.