Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады
Ақтөбеде екі күнде 230-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласының полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығында жергілікті жедел-профилактикалық іс-шара өткізді. Негізгі назар қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылды.
Екі демалыс күнінің қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 230-дан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында 2 ұсақ бұзақылық дерегі анықталып, қоғамдық орындарды ластаудың 2 фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе мас күйінде болғаны үшін 14 азамат жауапкершілікке тартылды.
Жол қауіпсіздігі бағытында да бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, 16 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарған. Сонымен қатар 14 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген, ал 7 азамат жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған.
Ең көп анықталған құқық бұзушылық жаяу жүргіншілерге қатысты болды. Екі күн ішінде 180 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның атап өтуінше, мұндай профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты — құқық бұзушылықтарды тек анықтау емес, олардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
