Полиция экипаждары құтқару құралдарымен жабдықталмақ
СҚО-да барлық патрульдік полиция экипаждарын құтқару құралдарымен жабдықтау жоспарланып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері төтенше жағдайға түсіп қалған ондаған адамға қол ұшын созды. Тәртіп сақшылары көп жағдайда оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барады, сондықтан оларға өрт кезінде, суда және басқа да төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуге тура келеді. Өткен жылы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасына сәйкес өзен, көл маңында жүретін патрульдік полиция экипаждары құтқару құралдарымен жабдықталған болатын. Қазіргі уақытта полицейлерде төтенше жағдай кезінде пайдаланылатын 20 құтқару жиынтығы бар. Бұл жиынтық құтқару жилеті, дөңгелек, арқан, өрт жамылғысы, металл кесетін қайшы, шамнан тұрады. Осындай жиынтықтар адам өмірі таразыға салынған кезде аса қажет, бұл фактілермен де расталды.
Былтыр тамызда болған оқиғаларды естеріне түсірген Петропавл қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері жер қоймадан ес-түссіз жатқан Петропавл қаласының екі тұрғынын алып шыққан кезде патрульдік автокөліктегі арқан мен шам адам өмірін құтқаруға көмектескенін атап өтті. Құтқарылғандардың бірі өкінішке орай, кейін қайтыс болған.
Жаз мезгілі қарсаңында СҚО Полиция департаменті патрульдік полицияның барлық экипаждарын құтқару құралдарымен жабдықтауды жоспарлап отыр.
– Аталған құралдар полиция қызметкерлерінің жұмысына елеулі септігін тигізеді. Қызметкерлер жолда жүргізушілерге көмектесіп тұрады, көліктердің өртеніп жатқан жағдайлары да болды. Сондай-ақ, инспекторлар жол апаты кезінде адам өмірлерін де құтқарды. Бұндай жағдайларда құтқару жиынтықтары аса қажет, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев.
Жүргізушілер көп жағдайда жолда көмек көрсеткен полицейлерге алғыстарын айтады. Осы аптаның басында тауар тиелген ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Ринат Рахингулов Мамлютка қаласының маңында шұңқырға түсіп кетіп, шыға алмай қалған. Полиция қызметкерлері Мәлік Жақыпов және Қанат Теңізбаев қол ұшын созды. Құтқару құралдары да дер кезінде қол астында болыпты.