Полиция хорының өнерлі көшбасшысы
Полиция хорының өнерлі көшбасшысы Ғалия Бердалықызы Садымованың ішкі істер органдарына қосқан үлесі зор, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ғалия Бердалықызы Садымова – мәдениет пен өнер саласында жарты ғасырға жуық табысты еңбек етіп келе жатқан жоғары кәсіби деңгейдегі музыкант, концертмейстер, хор жетекшісі және тәжірибелі педагог. Оның шығармашылық қызметі өнерді насихаттаумен қатар, патриоттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Ғалия Садымованың жалпы еңбек өтілі – 50 жыл. Осы уақыт ішінде ол бірнеше буын өнерпаздардың қалыптасуына ықпал етіп, музыкалық мәдениеттің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде ол Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымында концертмейстер ретінде жемісті еңбек етіп, жас таланттардың кәсіби қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар Ғалия Бердалықызы ішкі істер органдарының мәдени өміріне де белсенді араласып келеді. Ол Астана қаласы полиция департаментінде 22 жылдан бері хор жетекшісі болып қызмет атқарып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен еңбек сіңірді.
2004 жылы оның бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен полиция қызметкерлерінен құралған ерлер хоры құрылды. Содан бері ұжымның тұрақты жетекшісі ретінде хордың кәсіби деңгейін көтеріп, көптеген мәдени-көпшілік іс-шаралардың, мерекелік концерттердің және патриоттық жобалардың бел ортасында жүр. Хор ұжымы республикалық және ведомстволық мәдени шараларда өнер көрсетіп, полиция қызметкерлерінің шығармашылық қырын кеңінен танытуға мүмкіндік алды.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында оның жетекшілігімен полиция ерлер хорының қатысуымен арнайы бейнеклип жазылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл шығармашылық жұмыс отансүйгіштік идеяларды насихаттап, полиция қызметінің қоғамдағы беделін арттыруға және өнер арқылы халық пен құқық қорғау органдары арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталды.
Өнер саласындағы табысты еңбегі, жоғары кәсібилігі және мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ғалия бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. 2016 жылы оған "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" құрмет атағы берілді. Бұл марапат оның мәдениет пен өнерді дамыту жолындағы қажырлы еңбегінің жоғары бағасы болды.
2026 жылы елдің мәдени және қоғамдық өміріне қосқан ерекше үлесі үшін Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – "Құрмет" орденімен марапатталды. Бұл марапат оның көпжылдық еңбегіне, кәсіби шеберлігіне және қоғам игілігі жолындағы қызметіне көрсетілген үлкен құрметтің белгісі.
Айта кетерлігі, Ғалия Садымованың қызы мен оның жұбайы да өз өмірлерін құқық қорғау қызметімен байланыстырып, полиция департаментінде абыройлы еңбек етіп келеді.
Ғалия Садымова – өнерге адалдықтың, шығармашылық табандылықтың және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ғалия Бердаловнаның шығармашылық ұстанымы мен ұжымға беретін басты мотивациясы: "Ең бастысы – сендер ең үздік әрі ең өнерлі, әнші полицейлерсіңдер!" Бұл сөздер хор мүшелерін қанаттандырып, олардың шығармашылыққа деген құлшынысын арттырып келеді.
