Полиция интернет-алаяқтардың 4 call-орталығын жойды
ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері Алматы қаласында төрт call-орталықты жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтар шетелге, соның ішінде Иран, Үндістан, Қытай, АҚШ және Малайзия азаматтарына қоңырау шалып, оларға “жоқ” инвестициялық мәмілелер жасауды ұсынған.
47 шетел азаматы, сондай-ақ Қазақстанның 5 азаматы ұсталды. Олардың шетел азаматтарына 2 мыңнан астам қоңырау шалғаны анықталды.
Тінту барысында 1,5 мыңнан астам телефон, 57 ноутбук пен компьютер, мыңнан астам sim-карта тәркіленді.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың қазақстандықтарға қатысты интернет-алаяқтық жасауға қатысы бар-жоғы тексеріліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Ішкі істер министрлігі алаяқтардың құрбаны болмас үшін азаматтарды қырағы болуға шақырады. Қарапайым сақтық шараларын сақтауды ұмытпаңыздар.
- Сізге мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жіберілетін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Егер сілтеме бойынша өтіп қойсаңыз, онда мессенджеріңізді қосылып тұрған басқа құрылғылардан ажыратыңыз.
- Бейтаныс абоненттердің бейнеқоңырауларына жауап бермеңіз.
- Егер біреу телефон арқылы несие ресімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшаны “қауіпсіз” шотқа аударуды ұсынса – сенбеңіз. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері мұндай операцияларды ешқашан телефон арқылы жүргізбейді.
- Жеке деректеріңізді, банк картасының жарамдылық мерзімін, CVV-кодын ешкімге бермеңіз.
- Күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмаңыз. Инвестиция жасамас бұрын қор нарығын және жобаның өзін мұқият тексеру қажет.
- Телефоныңызға қосымшаларды орнату үшін тек ресми AppStore және PlayMarket платформаларын пайдаланыңыз.
Өзіңізге және жеке ақпараттарыңызға мұқият болыңыз! Полиция әрқашан жаныңызда! Алайда көп нәрсе сіздің қырағылығыңызға байланысты екенін естен шығармаңыз! – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.