Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция қызметкері кейуанаға 35 жыл бойы көрмеген ұлын табуға көмектесті

Полиция қызметкері кейуанаға 35 жыл бойы көрмеген ұлын табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұқар жырау аудандық ПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлдана Үмітбаева қызмет барысында қаншама тағдыр иелерімен бетпе-бет келеді.

Маусым айында Г.Үмітбаеваға ауылдардың бірінің тұрғыны телефон соғады. Азаматтық некедегі күйеуі әйелді ұрып-соғып, үйден қуып шыққан. Аға инспектор шұғыл түрде осы елді мекенге келіп, жапа шеккен әйелге құқықтық көмек көрсетіп, заңгерлік кеңес берді.

Полицейлер әйелді балаларымен бірге Шахтинскідегі дағдарыс орталығына жеткізді. Артынша олар оған Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылынан уақытша баспана тауып, жұмысқа тұруға, сондай-ақ құжаттарын жинап, тұрақты баспанаға кезекке тұруға көмектесті.

Міне, Г.Үмітбаеваның жұмыс ерекшелігі өмірде қиын жағдайға тап болған әрбір адамға шын жүректен көмектесу. Әңгіме барысында аға инспектор Гүлдана әйгілі “Мені күт” телешоуының келесі сюжеті болуы мүмкін оқиғаны айтып берді:

– Өткен жылы “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде мен Тұзды ауылында тұратын Галина Румянцеваны анықтадым. 60 жастағы кейуананың құжаттары болмағандықтан, зейнетақы тағайындауға өтініш бере алмаған. Галина Михайловна еш жерде жұмыс істемейтін, ішімдікке әуес болған қызымен бірге тұрған. Бұл жанұя есепке алынып, жұмыс істемейтін отбасылар санатына жататындықтан біздің бақылауымызда болды. Жалғыз жұбанышы қызы биыл қайтыс болып, әйел шынымен көшеде қалды. Құжаттарын реттеу үшін Галина Михайловнаны Қушоқы ауылындағы дағдарыс орталығына орналастырдық. Кейуана маған туыстарын іздеп, ұлы бар екенін айтты. Бірақ ол бала жеті жаста болғанда тастап кетіп, тұрмысқа шығып кеткен екен. Баласын іздемей, онымен байланысын үзген. Мен оның ұлы – Сергей Румянцевті іздей бастадым, – дейді Гүлдана Үмітбаева,

Анықталғандай, ұлы қазір Қостанай облысы Придорожное ауылында тұрады. Ал Галина Михайловна 35 жылда алғаш рет ұлымен WhatsApp арқылы байланысқа шықты. Көп жылдардан кейін ұлын көрген кейуана көз жасына ерік берді. Жақында ғана Сергей Бұқар жырау ауданына келіп, анасын өзімен бірге алып кетті. Осылайша, бұл оқиғаның соңы сәтті аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру