Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі: перспективалары және даму стратегиясы

Елордада “Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі: перспективалары және даму стратегиясы” атты халықаралық құқықтық форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Шараны Қазақстан Республикасы ІІМ БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен және “Құқықтық саясатты зерттеу орталығы” қоғамдық қорымен бірлесіп, Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен ұйымдастырды.

Форумда сервистік полиция моделі талқыланды. Халық пен ішкі істер саласы қызметкерінің арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың оңтайлы әдістері мен әлемдік тәжірибелерге шолу жасалды. Ішкі істер министрі полицияның сервистік моделіне сипаттама берді.

“Сервистік модель деген күнделікті жұмыс. Ол – өлшемдерді өзгерту, халыққа жақын болу, халықтың үнін тыңдап, қоғамның талабына сай болу. Салдарымен емес, себебімен күресу. Проблеманы шешуге бағытталған модель”, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Елімізде сервистік полиция бойынша пилоттық жобалар Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларында жүзеге асты. Онда атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылды. Жалпы жұмыстың сервистік моделіне көшу ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы биліктің және халықтың өзара серіктестігін күшейтуді көздейді.

Форумда шетелдік сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық жүйелерді талқылап, қазақстандық сервистік полицияға қатысты пікірлерін білдірді.

“Бүгінгі таңда бізге 27 мемлекет мүше. Яғни, 450 миллион адамнан тұратын блок. Бұл елдердің әрқайсысында түрлі модельдер бар. Жаңа Қазақстанды құруда біз осы үдерістердің бір бөлігі болғанымызға және Еуропалық Одақ пен бізге мүше елдердің озық тәжірибелерімен бөліскенімізге қуаныштымыз. Қазақстан полициясы мен заң жүйесі билік моделінен бас тартып, қызмет көрсету үлгісіне көшуге тырысуда. Бұл, ең алдымен, сапаны бағалау”, – деді Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілі Кестутис Янкаускас.

Шараға депутаттар, азаматтық және академиялық қоғамның, сот және құқық қорғау органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар да ортақ мәселеге қатысты сауалдарын қойып, жауап алды.

“Бүгін Латвиядан, Голландиядан байланысқа шыққан әріптестерімізді тыңдадық. Олар да қауіпсіздік қызметкерлері арасында қызмет көрсету үлгісінің жаңа моделін енгізе бастағанын естідік. Күн тәртібінде екі мәселе бар. Бұл өзара мемлекеттік органдардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы байланыс. Екіншісі – қызмет сапасы. Халықпен кім жиі араласады. Кімнің жұмысы көрінбей, жиі сыналады. Ол – учаскелік полицей. Сондықтан бұл екі жоба да учаскелік полициядан басталды. Мемлекет басшысының өзі учаскелік полиция қызметкеріне басымдық беріп отыр. Бұл полиция жұмысының сервистік моделі аяқталады деген сөз емес, осы жерден бастау алады, – деді ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди.

Ведомство басшысы сервистік модель ішкі істер органдарын жетілдіру бойынша жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға ықпал ететінін айтты. Әбден зерделеніп, қолға алынған қанат қақты жоба еліміздің әр өңірінде жалғасады. Бұл – ел болашағы үшін маңызды бастамалардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру