Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бекетте тұрған бетонға көлік соқты

Маңғыстау облысының Ақтау-Бейнеу республикалық автожолында жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, бекетте тұрған бетонға соқты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

3 сәуірден бастап аймақ карантинге жабылғаны белгілі. Кеше, 2 сәуір күні облыста 11 блок-бекеттер мен 5 мобильдік жылжымалы бекет, яғни санитарлық бекеттер орнатылды. Өкінішке орай, осы жұмыстарды жүргізу кезінде екі жол-көлік оқиғасы орын алды.

Олардың бірі Ақтау-Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында сағат 21:30 шамасында жасалды. 33 жасар жүргізушісі “Hyundai Sonata” маркалы автокөлігін басқара отырып, Ақтау қаласы жағынан Бейнеу ауылына қарай келе жатып, блок-бекетте бетон блогымен соқтығысқан. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасақталды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.

Екінші ЖКО Республикалық маңызы бар Ақтау-Құрық автожолының 29 шақырымында блок-бекетті орнату кезінде орын алды. “Toyota Camry 40” маркалы автокөлігінің 30 жасар жүргізушісі көлікті басқара алмай, орнатылған бетонды байқамай, соқтығысқан. ЖКО салдарынан төрт адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Аталған екі факті бойынша да қызметтік тексеру тағайындалды.

Жалпы, карантиндік іс-шараларды қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының 785 қызметкері жұмылдырылды. Маңғыстау облысының Полиция департаменті азаматтардан төтенше жағдай режимін бұзбауды және өңір аумағында енгізілген шектеулерді сақтауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру