Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қабырғаға салынған есірткі суреті үшін 3 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін

2020 жылдың 26 қаңтарында Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің есірткі қылмысын алдын-алу бөлімінің қызметкерлері синтетикалық есірткіні тарататын адамдарды анықтау мақсатында жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Жедел алдын алу іс-шарасы барысында Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Ол қала қабырғаларында және үйлердің қоршауларында есірткіні насихаттайтын граффити жазбаларын салған.

Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне енгізілген жаңа өзгертулерге сәйкес ол қатаң жазаға тартылады.

2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде «Есірткі, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» жаңа нормасы енгізілді.

Ұсталған азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 299-бабы 1-бөлімі негізінде құқық бұзушыны үш жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Синтетикалық есірткіні тарататын басқа адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Граффити алынып тасталды, есірткіні насихаттайтын сайттар бұғатталды.

Жамбыл облыстық полиция басқармасы облыс тұрғындарын азаматтарымыздың және болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіретін есірткі затынан аулақ болуға және есірткі қылмысына қарсы белсенді азаматтық ұстанымға шақырады.

Егер сіз осындай жағдайдың куәгері болсаңыз, 87471189249 (What’s App) нөміріне ,аймақтық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жұмыс телефондарына – 8 (7262) 43 09 05, 99 71 74 немесе «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру