Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы фильм жарыққа шықты

Jambylinfo ақпарат агенттігі қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы қысқаметражды деректі фильмді жарыққа шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында түсірілген деректі фильмнің кейіпкері – Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. Ол қаңтар оқиғасы кезінде куә болған жайттарды, басынан кешкен сезімдерді әңгімелейді.

– Бәріміз де адам баласымыз, ет пен сүйектен жаралдық, дүрбелең ушыққанда қорыққанымыз рас. Кешкі тоғыз жарым шамасында қалалық басқармадан шығып, орталық алаңға бет алдық. Адамдардың бәрі сонда жиналып жатқан еді. Үй-жай қалды, ойымызда – тек жұмыс. Қасымда Жанерке есімді тағы бір полиция қызметкері бар. Қолымызда қару жоқ. Достық алаңына жетем дегенше, небір күйді бастан кештік, – дейді Гүлсара Мұқтарқұлова.

Фильм барысында ол ішіндегі өкінішін де жеткізеді.

– Түнгі екі жарым шамасында ғимараттарды өртей бастады. Төрт ғимаратымыз өртенді. Қыздарым «Мама, қойшы, жыламашы» деп мені жұбатып әлек. Бірақ қалай жыламайсың?! Жұмыс орнымыз, музейіміз, ондағы тырнақтап жинаған экспонаттарымыздың бәрі тып-типыл болды, – дейді сақшы келіншек.

Гүлсара осындай қырғынның енді ешқашан қайталанбағанын тілейді.

– Мені қуантатын екі жайт бар. Біріншісі, мен осы оқиғадан кейін полицейлердің қатары сиреп қала ма деп қорықтым. Жоқ, ондайды байқамадым. Екінші қуантқаны, күн сайын бізге әлеуметтік желілер арқылы отыз-қырық шақты адам жазып, жұбату сөздерін айтып, рухани қолдау білдіруде. Бүлінгеннің бәрі орнына келер. Болашақта бұдан да жақсы күндерге жетерміз. Тек мынадай сұмдық енді ешқашан қайталанбаса екен деймін, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру