Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қаңтарда СҚО полицейлері 3 мыңнан астам адамды құжаттандырды

Қаңтарда СҚО полицейлері 3 мыңнан астам адамды құжаттандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылғы қараша айында Аққайың ауданының полиция бөліміне шалғайда орналасқан Новороссийское ауылының 53 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол уақтылы қазақстандық төлқұжат алмаған, тіпті қолында болған 1974 жылғы үлгідегі ескі төлқұжатын да жоғалтқан. Көші-қон қызметінің қызметкері Махаббат Сейітова қысқа мерзім ішінде оның азаматтығын анықтау рәсімін өткізді. Ақпанның алғашқы күні Қазақстан азаматының жеке куәлігін табыстады. Сондай-ақ, полицейлер ауылдықтың шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналасуына көмектесті. Ер адам Instagram әлеуметтік желісінде тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов хабарлағандай, қаңтар айының ішінде көші-қон қызметі бөліністері алты солтүстікқазақстандыққа ескі үлгідегі төлқұжаттарының орнына қазақстандық жеке куәлік берген. Өткен жылы облысымыздың 47 тұрғыны қызыл төлқұжаттарын қазақстандық жеке куәлікке алмастырған.

Сонымен қатар, полицейлер не кеңестік, не қазақстандық құжат алмаған 39 адамның құқықтық мәртебесін реттеуге көмектесті. Тәртіп сақшылары КСРО төлқұжатын уақытында ауыстырмаған, сондай-ақ осы күнге дейін туу туралы куәлігімен жүрген адамдардың көші-қон қызметіне жүгінуі қажет екенін еске салады. Ол жерде ҚР азаматтығын анықтау үшін құжаттар жинауда жан-жақты көмек көрсетеді.

Қаңтар айы ішінде СҚО-да 3177 адам құжаттандырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру