Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қапшағайда 4 сауна-притонның жасырын қызметі әшкереленді

Қапшағайда полицейлер жезөкшелер қызмет еткен төрт сауна-притонның жасырын қызметін әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының Қапшағай қаласында элиталық сауна түріндегі жезөкшелер қызмет ететін притон тәулік бойы жұмыс жасап тұрғаны белгілі болды. Жедел іс-шаралардың ақпаратына сәйкес, ол жерде 38 жастағы жергілікті тұрғын моншаның әкімшісі ғана емес, клиенттердің қалағанын тауып беретін жеңгетайдың да орнын басқан. Айта кетерлігі, аталған притондар карантин тәртібі кезінде де заңға қайшы әрекетін еш тоқтатпаған. Жеңгетайдың заңсыз қызметін облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Қапшағай Полиция бөлімінің қызметкерлері әшкерелеген. 

– Сыртынан қарағанда жалғыз қабатты ғимарат әкімшілік нысанға ұқсайды. Шын мәнінде, ғимараттың ішінде “қайнап жатқан” өмір бар екен. Бұл клиенттерге интимдік қызмет көрсететін жеңіл жүрісті қыздар үшін тұрақты баспана болған. Бұған біз жезөкшелер ордасын әшкерелеуге бағытталған жедел іс-шаралар барысында көз жеткіздік, – деді Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Мендебаев.

Бұл мекемені тәртіп сақшылары жақында тексерді. Сауналарда жезөкшелікпен айналысуға арналған притонның жұмыс жасап жатқаны туралы жедел ақпарат негізінде тексеріс жүргізген полицейлер ақпараттың шындыққа негізделгеніне көз жеткізді.

– Полицейлер тұтқиылдан тексеруге кіріп келгенде мекеме әкімшісі ақшалай сыйақы үшін клиенттерге жеңіл жүрісті қыздарды ұсыну және делдалдық қызмет көрсету үстінде ұсталды. Жеңгетай әйел 20 мың теңге көлемінде ақша алу кезінге қолға түсті. Барлық айғақзаттар тәркіленді және ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Ал, притон әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қонақ үйдегі процедуралық әрекеттер кезінде жеңіл жүріске түскен сегіз қыз анықталды. Тұлғаларды есепке қою және қандай да бір құқық бұзушылыққа қатысы барын тексеру үшін әйелдер аумақ бойынша полиция бөлімшесіне жеткізілді, – деп қорытындылады Данияр Мендебаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру