Қарағанды облысында дүкен тонаған екі азамат ұсталды
Қарағанды облысында полиция қызметкерлері сатушыға шабуыл жасаған екі күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қазан күні Бұқар жырау ауданының Полиция басқармасына ауылдағы дүкендердің бірінің сатушысына екі адамның шабуыл жасағаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлеріне 55 жастағы жәбірленуші сағат 22.30 шамасында дүкенге жас шамалары 30-40 аралығындағы екі азамат келіп, алдымен жан-жақтарына қарап, дүкенде өзге келушілердің жоғын анықтаған соң біреуі кассадан 22 мың теңгені, екіншісі сөреден 2 шыны коньякты алып кеткенін айтқан.
Өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері ізін суытпай осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азаматты ұстады, олардың біреуі Саран қаласының 35 жастағы тұрғыны, екіншісі тұрғылықты мекенжайы жоқ азамат болып шықты.
Күдіктілердің екеуі де бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.