Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында қаскөй дүкен сатушысын пышақпен қорқытқан

Қарағанды облысының Ақтау кентінде патрульдік полиция қызметкерлері дүкен сатушысын пышақпен қорқытқан қаскүнемді ұстады. Бұл туралы толығырақ Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды. 

16 ақпанда Теміртау қаласының ПБ патрульдік полиция батальонының жасағы Ақтау кентінде қызмет атқаруға кезекшілікке түскен. Сағат кешкі 20.00 шамасында кезекті шақыртудан кейін көп қабатты үйдің кіреберісінен шыққан олардың қызметтік көліктерінің жанына тоқтаған машинадағы жас жігіт “ана жақта қолында екі пышағы бар адам” жүргенін айтқан.

Полицейлер бірнеше секундта болған жайтты бағамдап, тез шешім қабылдаған. Бірнеше минут бұрын белгісіз біреу сол маңда орналасқан сауда нүктелерінің біріне баса-көктеп кіріп, дүкен сатушысын пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Жәбірленушіге дүкеннен қашып шығудың сәті түскен. Жас жігіт криминалдық оқиғаның куәгері болғандықтан, қаскүнемнің сыртқы келбеті мен киімін сипаттап берген.

– Біз төңіректі машинамен бір айналып шықтық, бірақ күдікті ештеңе байқамадық. Төңіректі мұқият тексеру туралы шешім қабылдадық. Мен машинамен дүкенге қарай беттедім, серігім жаяу кетті. Үйлердің бірінің ауласынан біз күдіктіге ұқсас азаматты байқадық. Одан алкогольді ішімдіктің иісі шығып тұрды. Біз тексеру кезінде одан пышаққа ұқсас затты алдық, – деді инспектор Шалқар Мағрұпов.

Полицейлер ұсталған адамды оқиға орнына жеткізген кезде 48 жастағы жәбірленуші оны бірден таныған.

– Дәл осы азамат мені екі пышағымен қорқытты. Ол менен 20 мың теңге талап етті немесе өлтіремін деді. Мен оны ақшаны әкелуге кеттім деп алдап, өзім қызметтік есік арқылы көшеге шығып кеттім, – деді ол.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша қылмыстық іс басталды. Полицейлер ұсталған адамның бірнеше ұрлыққа қатысы бар екенін анықтады. Тергеу жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру